Хамитов Жасұлан Олжабайұлы

Мен, Хамитов Жасұлан Олжабайұлы, 1975 жылы 21 мамырда Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Құрама ауылында дүниеге келдім.1982- 1985 жылдары Құрама бастауыш мектебінде, 1985-1992 жылдары Қарағанды қаласындағы Н. Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатында білім алдым.

1992-1997 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыдым. 1999 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі қызметіне қабылдандым. Қазіргі уақытта аталған мектепте мамандығым бойынша қызмет етудемін.

А.Байсалбайұлы атындағы аудандық мүшәйраның І жүлдегері, Ш. Жандаев атындағы байқаудың проза жанрында Бас жүлдегері, «ХХІ ғасырға мемлекеттік тілмен» байқауының ІІ жүлдегері, «Жеңістің мұрагерлеріміз» атты қаламгерлер байқауының Бас жүлдегері, М.Жұмабаев  шығармашылығын насихаттауда «Бір ел – бір кітап» акциясының дипломантымын.Мамандығыма байланысты алғыс хаттармен марапатталдым. Жазғандарым аудандық, облыстық басылымдарда жарық көрді.

Үйленгенмін. Жұбайым екеуіміз 3 бала тәрбиелеудеміз.

Шығармалары:  Айқасқа

Талқы

Түс 

Азаткер Алаш ұлының монологы

Кәрі құрлық балалары құтырып,

Көтергенде Жер – Ананың етегін.

Қанға шөлдеп, жыртқыштайын жұтынып,

Кетіргенде адамзаттың кетеуін.

Сарбаз болып, қару алып қолыма,

Ана алдында борышымды өтедім.

Адамзатты азат етіп жыртқыштан,

Фашизмнің сылып тастап кеселін.

Жау жайратып, қайтардым да меселін,

Адамзаттың мен еңсесін көтердім!

Құрамында генерал Панфиловтың,

Сын сағатта соғысқа сан киліктім.

Кәрі құрлық талықсып кеткен сәтте,

Донор болып, жан беріп, қан құйыппын.

Мәскеуіңді Бауыржан боп қорғадым,

Рухыммен аластадым да орманын.

«Ақиқат пен аңызға» мен айналдым,

Гитлердің таптап тастап арманын.

Нүркенмін жау жайратқан жалын болып,

Жауламаппын, көрмеппін залым болып.

Ел басына күн туған қилы сәтте,

Жауға ұштым қырандай арың болып.

Сұлтанмын, Ақеділмін, аңызбын мен,

Жайратып жау дзотын жаны үзілген.

Ерліктің елесі боп дала кездім,

Елімнен ерлер шықты сан ізімнен.

Болғанда ала құйын, ала шапқын,

Жастығымды Төлеген боп ала жаттым.

Жастандырдым, жасқандырдым жауымды,

Бақыты үшін бейбіт болашақтың.

Қасыммын Украинаға даңқым кеткен,

Жаулары қарсы келмей, тайқып кеткен.

Күркіреп көк аспандай, нажағайдай,

Дауыл боп сын сағатта жойқын өткем.

Өр Қасыммын, Сырбаймын ақынмын мен,

Баубек болып майданнан хатым келген.

Абдолла боп айқастым арыстандай,

Қажымұқанмын ұшаққа атын берген.

Ағасы Хиуаздың ер Талғатпын,

Ерлігін қырандардың мен жалғаппын.

Нүркендей қаза болған Бақтыоразбын,

Алпыс жылдай белгісіз мен солдатпын.

Ел едім аялаған аруымды,

Ер едім қолға алған қаруымды.

Ән Әлия мен Мәншүгім айбаттанып,

Фашизм, құстырды ма, бар уыңды!?

Рақымжан боп жеңіс туын желбіреттім,

Таптатпадым арымды, ерлік еттім.

Мұң басқан мыңдаған тұл жетімекті,

Құшағыма қыстым да елжіреттім.

Өмірден биік қойдым азаттықты,

Ерлікпен мен таныттым қазақтықты.

Табиғат тарпаң етті, дархан етті,

Мен елмін дүниеде ғажап, мықты!

******

Қырық келіп, қақты менің қақпамды…

Үш ондығым қолын бұлғап аттанды,

Қырық келіп, қақты менің қақпамды.

Уақыт шіркін ұстатпайды уысыма,

Енді қанша алам қарсы  ақ таңды?!

Жанарына көк аспанның қараймын,

Енді қанша батады екен арай күн.

Енді қанша ауа жұтып, ас ішіп,

Базарынан бұл фәнидің тараймын?!

Осы сұрақ мазалап жүр мені көп,

Көңілімнің кеудесінің шері боп,

Қырық келіп құшағына алса да,

Жібермейді жиырма бес сері көк.

Шыққым келмей жиырма бес бағынан,

Оттай ұшқын он сегізді сағынам.

Он сегіздің ар жағында балалық,

Он жасымның сипасам бір жалынан.

Жастығымды аңсап жүріп сезбеппін,

Ауылына қырық жастың кез кеппін.

Балаларға бердім жастық шағымды,

Біздерден де өтіп кетті қыз көктем.

Жиырма емес қырықыңыз жалынды,

Отыз емес ағын судай арынды.

Қырық деген ханның жасы білгенге,

Таразылар арың менен барыңды.

******

Сәйгүлік – көңіл

Сәйгүлікке мінсем мен,

Кетеді көңіл  желпініп.

Желе жорта жүрсем мен,

Аймалайды жел тұрып.

Бар рахатқа  бөленем,

Кең даламен сырласып.

Табысам мен өлеңмен,

Сенбесең, сен қырға шық.

Сәйгүлігім желеді,

Айдындағы қайықтай.

Көңіл шалқып келеді.

Рахат күйден айықпай.

Жылқы мінез жанбыз ғой,

Кең даласын сүйетін.

Көшпеліден қалдық біз,

Тұлпар жайын білетін.

Әзизім, әз бабам Бұқар жырауға

 

Үйретпекші Батыс «демократия» хақында,

Ал үйренбесек ше кетеміз бе тақымда.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенді,

Біле ме екен сол батысың, затында?

Кәрі қу құрлық жүрген кезде ми батпақтап,

Менің би бабам билік айтқан, ей, тақпақтап!

Ұлы Далам мен Ұлы Бабам жайында,

Шәлтік шовинистер жазыпты ғой шатпақтап.

Ақындар бар ақбоз арғымақтай күміс жал,

Ата заманнан келе жатқан бір үрдіс бар.

Ақиқаттың алауын ақыны жаққанда,

Аттан түскен ханы да батыр ту ұстар.

Демократия дарыған даладан қалаға,

(Кей кезде шындық көлеңкеде қалады, ә)

Асан қайғы, Бұқар жырау, Махамбеттер,

Алмас жырмен теңгерді ханды қараға.

Қазақтан ұшқанда бір кездерде қонақ бақ,

Жеңіске жеткенде жоңғар дейтін «қонақ жақ».

Арқалы топтан Бұқар жырау табылды,

Санасына сан батпан ақыл қонақтап.

Ай тұлғалы  алашымның ақылмандары,

Атой салған арыстандай ақырғандары.

Бірлік жырын көмекейден Бұқар төккенде,

Ақ туды сүйді, «елім» деп аһ ұрғандары.

Ақ туды сүйді, шүберекке жанын түйді,

Арғымағының тізгіні мен жалын түйді.

Ата жер ме ары үшін шаһит арыстарды,

Ақ еділ жүрегім мен жомарт жаным сүйді.

Бүгіндері бетке айтар ер санаулы – ақ,

Көбісі жүр ғой көбік сөйлеп, құр танаулап.

Жантықтың жаман тонын кимедім оларша,

…Ақындарша  жыр жазамын алаулап.

******

Күн

Жер – Ананы алтын арай аймалап,

Тағы да бір таңғажайып таң атты.

Алтын нұрды қанатына байлап ап,

Алтын жалды Күн келеді қанатты.

Күн келеді, Күн күледі жадырап,

Жүрген жері, күлген жері көңілді.

Ақтарып күн қалтасын атырап,

Алтынменен аптады ғой өңірді.

Дала жатыр күнге еркелеп көсіліп,

Алқа таққан арудайын назданған.

Жүгіреді ерке жел де төс ұрып,

Мақтаншақтау, сабырсыздау аздаған.

Күміс суға кербездене шомылып,

Құс шулайды, балық тулап айдында.

Таң шапағын көрген жұлдыз торығып,

Түсіп кетті бар еңсесі Айдың да.

Тіршілікке тіл бітіріп алтын Күн,

Таң нұрының бояуымен әрледі.

Түгін қоймай түнеугүнгі салқынның,

Түре қуып Күн батырың ерледі.

Жер-Ананың жан серігі жар Күнді,

Күтіп алып төрін берді адамдар.

Пейілімен жарылқады халқымды,

Сенбесеңдер көзімменен қараңдар.

******

Өткелсіз

Өткелсіз өткел бермес асауым – ай,

Белгілі атырапқа атағың – ай.

Көктемде ашуланып кетсең егер,

Долданып шамданатын шатағың – ай.

Өткелсіз өткел бермес асауым – ай,

Ұлдарың Хан атаның жасағындай.

Өзіме биік, өзімнің асқарым,

«Тастыадыр» қызға берер жасауыңдай.

Өткелсіз өткел бермес асауым – ай,

Жуасып қалдың екен қашан бұлай?

Өзіңнің жан серігің, қарауылың,

Қарап  тұр қарт батырың – «Сақалың — ай» .

«Мүсейін, Сарыбиік» қол ұстасқан,

Серіктерің өзіңмен жолы ұштасқан,

Қос батыр, қос тарланың күзетеді.

Өзіңді қашаннан да жалықпастан.

«Қыз тамы» — аңыздардың ақиқаты,

Сақтаған Өткелсіздің сақи халқы.

Жеті қыз шомылмақ боп бұл өзенге,

Фәниге оралмастан бақи қапты.

«Нарбота» батырдың есімі екен,

Қалмақта Шешен қызға есі кеткен .

Қосылған қос ғашық қылыш үстінде,

Жаудан мерт боп, алайда өші кеткен.

Қос ғашыққа қыл үстінде табысқан,

Қалмақ жақтан ұры оқ атты алыстан.

Ынтызармен түсініскен ғашық көз,

Сөніп кетті, сөніп кетті оқыстан.

Бұл тарихты, замандасым, еске тұт,

Дала ұлдары қалдырған бір ескерткіш.

Шешенқара, Ботақара – айғағы,

Өткелсіз бен Нұра болса, елге құт.

Ботақара Нарботаға берілген,

Шешенқара, Цецен қызға телінген.

Нұра менен Өткелсіздің бойында,

Екі ғашық махаббаты көмілген.

Түбің толы тарих сенің Өткелсіз,

Куәсі боп талай тарих жеткенсіз,

Бүгіп жатыр бүткіл сырды түбіне,

Кел , замандас , үңілейік ептеп біз!

P.S: «Тастыадыр, Сақалтөбе,

Сарыбиік, Мүсейін» — Өткелсіз бойындағы адырлар.

«Нарбота, Қыз тамы» — жер аттары.