Ақмарқа Рахыметжанқызы

Ақмарқа Рахыметжанқызы 1974 жылы 13-маусымда Монғолияның Қобда аймағы,Қобда ауылында  дүниеге  келген.

1982-1992 жылдары Қобда ауылындағы 10 жылдық орта мектепті бітіріп, 1992 жылы тарихи Отаны Қазақстанға оралған.

1992-1997-жылдары Қарағанды Мемлекеттік Университетінің Филология факультетін оқып, филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірген.

1997 жылдан бері Жаңаталап орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде қызмет етіп келеді.

Өмірім-өлеңім

Өлеңім- өмірім жүректен жыр төккен,

Жанымды тербетіп, кұпия сыр шерткен.

Балалық, жастықты алысқа қалдырып,

Өмірім- өлеңім көңілге нұр сепкен.

 

Өмірім-өлеңім қаһарлы қысымдай,

Гүл шашып көктемдей, жазымдай шуақты.

Өткінші өмірден өтермін қысылмай,

Күтетін алдымда күзім бар қуатты.

 

Өмірім-өлеңім мұң шаттық аралас,

Жүйткіген жүйріктей өтіпті жас шағым.

Өткен күн өкінбен, қайтадан оралмас,

Басайын жырыммен көңілдің аптығын.

 

Өтуде өмірім қамшының сабындай,

Өлеңге ғашықпын сезген соң жанымды.

Өтерсің өмірім бұлдырап сағымдай,

Жанымды тербетіп, қайнатқан қанымды.

 

Өлеңім-өмірім сындырмас сағымды.

Біреулер сүйсінер, біреулер елемес.

Өлеңге сенемін, ашар деп бағымды,

Жасыман ешқашан, жаситын мен емес.

2015 ж

******

Жұбату

Кейде өзіме жатпын да,

Ейде өзіме бөтенмін.

Жүректегі мұң сырды

Лайламайтын бекеммін.

Кейде бұлап көз жасымды,

Тау тасқа ұрғам басымды.

Айыра алмастай күн кешкем

Достарым менен қасымды.

Әр жақсыға бір құмарттым,

Жүрекке ауыр жүк арттым.

Сынағын беріп сан түрлі,

Өзекті өртеп жылаттың.

Жардан да биік құлаттың,

Алладан медет сұраттың.

Бергеніңе Алла шүкір деп,

Өзімді өзім жұбаттым.

2006 ж

******

Егіз қыздармыз

( Сыңарыма)

Дүние есігін жарасы ашқанда,

Анамыз бауырына қысқан қыздармыз.

Тұсауымды кесіп, тілімді ашқанда,

Бақытым деп әке, ұққан қыздармыз.

Соңымнан ерген егіздерім деп,

Аға-әпкеміз құшқан қыздармыз.

Санаға тоқып, игі лебіздерін тек,

Қатайтып қанат ұшқан қыздармыз.

Іні – сіңлілерін еркелетуден,

Жалықпай шабыт алатын қыздармыз.

Қамқорлық жасап, көркем етуден,

Қамықпай бақыт табатын қыздармыз.

Ақ аттап жалғап, аналар ізін,

Бүгінде біздер асыл анамыз.

Әулеттің сақтар сіз бенен бізін,

Жылу боп үйге, от болып жанамыз.

Ақ тілек айтсақ жүректен ізгі

Шаттанып көңіл, сергиді санамыз.

Екі ошақтың отын жақсақта,

Егіз қыздармыз, асыл анамыз

2015 ж

******

Махаббат

Махаббат-өрт.

Өртейтін жанды шоқтары.

Жалындап жанып,

Жарым қап  көңіл тоқтары.

Махаббат қонбай,

Сүюсіз өтсе өмірім,

Күндердің өткен жоқ бәрі.

Махабат жоқта,

Өмірдің несін сөз етем.

Махаббат деген,

Тірлікке тұтқа-нұр екен.

Ғашық бола алмай,

Сүйе алмай өтсе өмірің,

Өткен күндердің бәрі де мынау құр екен…

2008 ж

******

Сүю деген…

Сүю деген- мәңгі күту, шыдарсың,

Тек сөнбесін, ғашық жүрек сыңарсыз.

Армандарың алдамасын, адамдар,

Сүйе білу шексіз бақыт ұғарсың.

Ғашықтықтың айтшы сен иесі кім,

Сүю деген –құдірет білетінім.

Сүю деген-нәзіктік, тілсіз, соқыр,

Көкірекке еріксіз түйетінім.

Кей пенденің сезімінде тұрлау жоқ,

Жүрегімен сүйе де алмас құрбан боп.

Сезімдері көзсіз, көлбең көбелек,

Түсінетін жан сезімді бір жан жоқ.

Бұл тағдырға нала болып, бұғынып,

Сәтсіз сезім, махаббаттан тығылып.

Кермек жастың ащы дәмін татады,

Гүл сезімнің бұрқағына ұрынып.

Сыр қанжары жүрегіне тығылып

Шын  сезімге жүректегі үңіліп.

Тұрғандығын көре аларсың,күте біл,

Ғашықтықтың азаптайтын сырын ұқ.

Махаббаттың алауына жылынып…

2005 ж

******

Мұғаліммін

Алғыс алған үлкен-кішіден,

Көрсеткен ізгілік ісінен.

Мұғаліммін саналы,

Айтқызбай бәрін түсінер.

Білімге берген жүрегін,

Ұмытпас ешбір түлегін.

Мұғаліммін саналы,

Кіршіксіз сүйген ұлы елін.

Ұрпаққа  құяр білгенін,

Тілейтін шәкірт күлгенін.

Мұғаліммін саналы,

Көкіректе көп түйгенім.

Түзде өткен өмір арнасы,

Қағазға күнде телміріп.

Шәкірті оның жалғасы,

Еңбегін жүрсе ел біліп.

Мұғаліммін саналы,

Білімнің салған сүрлеуін.

Байқауға мүлде мұрша жоқ,

Шашыма ақтың кіргенін.

Мұғаліммін көп түйгенім…

2000 ж

******

Әпкеге тілек

Баянды бақыт тілеген егізіне,

Соңынан ерген әпкелеп сегізіне.

Қамқор әпкем, өзіңе ризамын,

Көркейеді ажынп ақ лебізіңе.

Мінезің бар жайдары , майда қоңыр,

Сен жымисаң кетеді жайнап өмір.

Сен біздерге мәуелі бәйтерексің,

Айырмасын саяңнан жалған өмір.

Аузын ашса жүрегі көрінетін,

Ақыл сөзі әдеппен өрілетін.

Аяулы әпке, мәңгілік бақытты бол,

Ұяласын көңіліңнің төріне күн!

2015 ж

 

 

Тәңірден артық дәулет сұрамадым

Тағдырдың көрдім талай бұралаңын,

Сүрініп, құлап талай тұраладым.

Егіліп жандүнием тұрсадағы,

Серпіліп, еңсем тіктеп тұра аламын.

 

Алланың өлшеп берген ұмыры бар,

Алдымда шығар биік тұғырым бар.

Жарым бар арқасүйер азаматым,

Маңдайға берген шүкір құлыным бар.

 

Пенденің берер Алла сұрағанын,

Ұлыма ғұмыр бер деп,сұранамын.

Қанағат, бергеніңе шүкір етем,

Тәңірден артық дәулет сұрамадым.

2008 ж

*****

Балалар күніне арнау

Жүректерді балқытар қорғасындай,

Бала-бақыт, өмірдің жалғасындай.

Бала тойы-бақыттың базары ғой,

Ол жыласа, қуаныш болмас ұдай.

 

Барша тойдың басы екен бұл мереке,

Бас айналар бақыттан гүл мереке.

Бала күлсе алаңсыз арманың не,

Шаңыраққа кіреді құт-береке.

 

Құттықтаңдар баланы барып жылдам,

Құр қалмасын сыйлықтан, бал бағынан.

Шапқыласын туған жер төсінде еркін

Ада болсын ойына қайғы алудан!

 

Бақыт сыйлап үйіне, бар ғаламға,

Бағындырсын биікті самғағанда.

Тыныш болып ұйқысы, жайнап өссін,

Ата-анасы ақ тілек арнағанда!

2015 ж

******

Мен — қазақтың қызымын

Мен -қазықтың қызымын, жаным егіз даламен,

Құлағымда ана әлдиі, әкем салған қара өлең.

Тілім –қазақ, жерім-азат, жүрек соғар қазақ деп,

Едім десе елжіреймін , гүлденгендей бар әлем.

 

Мен-қазақтың қызымын, арманшылмын, арлымын,

Маған қымбат тау мен тасы, туған жердің әр гүлі.

Төрімдегі домбырадан төгілсе күй күңіреніп,

Әз халқымның сезінемін, қасіреті мен зар мұңын.

 

Мен-қазақтың қызымын намысына бас ұрған,

Ардың жүгін адал ұстап, көкірегіне жасырған.

Дала көңіл қазағының пейілінен қуат ап,

Қазақ ғұрпын, әдет-салтын жеткізер сан ғасырға.

 

Мен –қазақтың қызымын, адалдықты дос еткен,

Бойым таза жалғандықтан, ғайбат сөзден өсектен.

Елің үшін еңбек ет, деп бата беріп, жол сілтеп,

Анашым мен туған елім маңдайымнан қоса өпкен.

Мен-қазақтың қызымын.

 

2010 ж

******

Мен- ақынмын , анамын… 

Мен –ақынмын, анамын,

От болып лаулап жанамын.

Анашым, деп шығар алдымнан,

Балапаныма панамын.

Мен- әйелмін ,анамын.

Ұрпаққа үлгі, санамын.

Ошақтың отын өшірмей,

Жардың да көңілін табамын.

Жазбасын алла кесірге-ей,

Атымды жүрер өшірмей.

Жүректен туған өрт болып,

Өлеңнен лаззат аламын.

Ақындық жолға бет бұрып

Өзімше сүрлеу саламын.

Өлеңдеріммен шеп құрып,

Шыңдармын әр кез талабын

Қалмасын деп жолда… қаламым.

2013 ж

******

Бақ тілеймін бәріне адамдардың

Уақыт-жүйрік, тоқтаусыз зуылдайды,

Өлең деген тектен тек туылмайды.

Өлең- менің  әлемім, өмірім де,

Кез –келгенге өлең — бақ бұйырмайды.

Көкейімде сан сұрақ туындайды,

Сүйген көңіл ешқашан суынбайды.

Мақтау айтса өзіме, өлеңіме,

Қысылғаннан алма жүз дуылдайды.

Тіл тигізсе себепсіз әз-арыма,

Қалған көңіл қайтадан бұрылмайды.

Мені өзінше әлдилеп ақын еткен,

Өлең-жүрек мәңгілік бұзылмайды.

Бақ тілеймін бәріне адамдардың

Жумасын деп ешқашан жүзін қайғы!

2010 ж

******

Қыздардың мұңы болмасын!

Қыздардың жолы жіңішке әрі тым ауыр,

Үйіріліп соқса қалмайды жаны бір дауыл.

Дақ түссе қыздың арына үлкен қасірет,

Еңсесі түсіп, ұяттан өлер бір ауыл.

 

Қыз жыласа өмірде мәңгі тынады ән,

Азаптап жанын, тағдыры сонша сынаған.

Қазақтың қызы, ақылды, арлы ,тым сұлу,

Ибасы , көркі, бұрымы елге ұнаған.

 

Қыздардың арын тәрбие бесік қорғасын,

Бұзылған, арсыз,ақылсыз қыздар болмасын.

Бүгінгі қыздар, болашақ асыл аналар,

Қыз ғұмыры мезгілсіз әсте солмасын!

 

Қыздардың мұңы өмірде ешбір болмасын,

Ар жүгін Алла жебесін, мәңгі қолдасын.

Ұлықты ұл мен қылықты қызың аман боп,

Әр шаңырақта бақытты өмір орнасын!

2012 ж

******

Тіл тағдырынан өткен қасірет жоқ

Тіл тағдырынына өткен қасірет жоқ,

Қазақылығы кірлеген.

Қазақты көрсем жиренем,

Қазақтың тілін білмеген!

Шүршітше сөйлеп тұратын,

Қандастырамнан шошимын,

Қазақша тұпат, түрменен.

Ұлтын сүйетін ағалар,

Қазақылыққа үндеген.

Өзге тілде сайрайтын,

Өз тілін қорлап, лайлайтын,

Адамзаттарды жартыкеш,

Бес дипломы болса да,

Қызметке келсе, тақ сұрап,

Тексеру керек жақсылап.

Қазақылығы жоқ болса,

Құлату керек мінбеден!

2013 ж

******

Мықты жігер ,санамыз

 

Әкемізден ұлылық,анамыздан ұлағат,көріп өскен баламыз,

Жас қалсақ та әкеден, текті ананың тәлімін алып өскен баламыз.

Ұлылықты ұлықтап, рухымызды құнттап, қамқор болған ағамыз,

Жақсылықты сұрыптап, жамандықтан ығыстап, әпкем болған панамыз.

Сондықтан да жасынбыз, жарқыраймыз, жанамыз,

Тәубә дейміз, Аллаға мықты ,жігер ,санамыз!