Түспеков Қасен Алисанұлы

Түспеков Қасен Алисанұлы 1920 жылы 10 мамыр күні туған. Бұл кісі туғаннан кейін 40 күн өткен соң шешесі, одан кейін әкесі дүние салыпты. Осыдан соң ағасы қолына алды, 9 жасқа келгенде ағасы да қайтыс болады. Сосын әр кісінің босағасында жүреді. Ол кісі өте қиын өмір кешті. Ұлы Отан соғысынан бұрын әскерге 1939 жылы шақырылыпты. «Бізді эшелонға салып бірден Қиыр Шығыс шекарасына қарай аттандырды,- деп сөзін бастады өз әңгімесін. Онда Қызыл тулы 1-ші  Қиыр Шығыс Армияның инженерлік бөліміне түстім. Біраз уақыт әскери ілім алып, ефрейтор шенін иелендім. Енді-енді әскери тәртіпке көндігіп, үйреніскен кезде  Батыстан неміс фашистер соғыс ашты. Біздің бөлім бірден батысқа аттандырылды. Бірақ көп ұзамай жоғары қолбасшының бұйрығымен өзіміздің шекара күзету қызметімізге, яғни Шығысқа қайтып келдік. Бұның себебі, жапондар Шығыстан баса көктеп кіруге әрекетенді. Менің әскери қызметім мина іздеуші. Бұл өзі өте сақтықты қажет ететін қызмет. Сондықтан әр сағатың қауіп-қатерге толы. Өмір азабын, жетімдікті көрдім, содан уақыт жылжып 1945 жылдың көктемі де туды. Батыста Жеңіс туы ілінсе, біздің әскери қосынымыз жапонмен соғысты бастады, Қытайды басып алған жапондарды небәрі 3 айдың ішінде талқандадық»-деп әңгімелейді ардагер Қ.Түспеков.