Өмірбаев Нүриден Морякұлы

15.06.1950 жылы дүниеге келген. Ұстаз. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Токаревка кентінің тумасы. Нұра орта мектебін бітірген (1968). Тельман аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында жұмысшы болып еңбек жолын бастаған. Отан алдындағы әскери борышын атқарып (1968-1970), ҚарМУ-ді бітірді (1976). Токаревка кентінде №27 кәсіби-техникалық училищеде оқытушы, одан кейін партия, кәсіподақ комитетінде қызметтер атқарды. 1997 жылдан бастап Ростовка орта мектебінің директоры. Білімді де білікті, тәжірибелі басшы ұстаздарға нәтижелі жұмыс істеу үшін барлық жағдайды жасауда. Н.Өмірбаевтың іскерлік басшылығымен мектеп ішінен мұражай, спорттық кешен ашылды; қысқы бақ пен мектеп жанындағы жазғы участке – оқушылар мен ұстаздардың шығармашылық зертханасына айналды; «Қор орталығы» жобасы бойынша 12 жылдық білім беруге дайындық жұмыс тәжірибелері жүргізілуде; мектеп жанынан 2005 жылы 75 орындық интернат ашылды; «Оқушылардың ғылыми қоғамын» құрды. Осындай ерен еңбектері үшін «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» жоғары марапаттарына ие болған.     «Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы» атағы  Өмірбаев Нүриден Морякұлына Бұқар жырау аудандық Мәслихаттың 2016 жылдың 26 тамызындағы V сессиясының № 4 шешімімен берілді.