Салықов Жексенбай Бошықұлы

Салықов Жексенбай Бошықұлы  01.02.1924ж 1924 жылы 9 қаңтарда Баянауыл ауданының №2 ауылында, кедей отбасында дүниеге келген. 5 жасқа толғанда отбасы «Победа» колхозына көшіп келген. 1932 жылы мектепке барып, 4-ші сыныптан кейін колхозда әр түрлі жұмыстарды атқарған.

1939 жылы Корнеевка селосында 3 айлық тракторшылар оқуына жіберген. 1942 жылы 4 наурызда Қарулы күштер құрамына шақырылып, оларды Көкшетауда дайындаған. Содан кейін 1 мамырда жорық ротасымен соғысқа аттанған. Андриапол қаласында Калинин майданына түскен.

1942 жылы 13 қыркүйекте Белый қаласының маңында полкты немістер тұтқынға алып, Смоленск қаласына 4 күн айдап апарған. Лагерьге әкелгенде тұтқындар әктелген 1 км жолды тоқтамай жүгіріп өтулері керек болған. Кімде-кім тоқтап қалса, оларды немістер атып тастап отырған. Ол жерді «Дорога жизни» деп атаған. Тұтқында Беркенауға

арнап ағаш дайындайтын жерде жұмыс істеген. 1 адамға күніне 2 м3 норма болған. Берген тамақтары ішуге жарамайтын. Неміс әскерлері еріккен кездерінде тұтқындарды ермек қылған. Бас бармақтарын төмен түсіргенде тұтқындар жата қалып, жоғары көтергенде атып тұрулары керек, үлгермей қалса, сол жерде атып тастап отырған.

Орше қаласында 237-ші концлагерьде болған.Содан кейін лагерді Польшадағы Краков қаласына жіберген, Висла өзенінің жиегінде окоп қазған. Висла өзенінің ортасында арал бар,тұтқыннан сол жерге қашпақ болған. Аралға қашуға 30 адам уәделесіп, түн ортасында күрекпен ұрып, күзетшіні қарусыздандырып, аралға жүзіп кеткен. Байқап қойған фашистер пулеметтермен атқылап, содан 17 адам ғана қалған. Кейін оларды Қызыл Армия әскерлері босатып алған.

1944 жылы қазан айында Одер өзеніндегі плацдармды кеңейтуге жіберген. Неудам қаласында жарақаттанып, контузия алған. Үш ай бойы далалық госпитальда жатқан. Украинаны, Польшаны азат ету шайқастарына қатысқан. Польшада жүріп, жеңіс туралы естіген. Соғыстан кейін барлық әскери тұтқындардың барлығын арнайы жер аударылғандар ретінде Воркуттаға жұміс істеуге жіберген. Олардың кетуге құқығы жоқ, бірақ дауыс беруге құқықтары болған. Осы жерде 7 жыл жұмыс істеген.

1952 жылдың қараша айында әскери тұтқындарды босату туралы бұйрық шығып,1952  жылы 17 желтоқсанда еңбек демалысын алып, үйіне қайтқан.

1953 жылдан бастап Ворошилов ауданы Победа колхозында тракторшы болған. 1984 жылдан бастап  зейнеткер. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.