«Рухани ұларлар» кітапханалық ақпараттық жылжымалы орталығы
2019 жылдың 15 ақпан күні кітапхана жанынан құрылған «Рухани ұларлар» кітапханалық ақпараттық жылжымалы орталығы өз жұмысын бастап, Жаңақала, Ақбел ауылдарына барып қайтты. Қасиетті жұма күні жолға шыққан топ мүшелері Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай ашылған Жаңақала ауылындағы Бұқар ата мешітіне арнайы барып, дұға бағыштап, кітапхана атынан жырау шығармаларының бірнеше кітабын сыйға тартты. Осындай сауапты істен соң 12-00-де ауылдағы Қабыл Боранбаев атындағы мектептің спорт залында, 16-00-де Ақбел ауылдық клубы ғимаратында ауыл тұрғындарына дайындап әкелген «Жаңа жылға – жаңа ақпарат» атты бағдарламаны ұсынды.
«Рухани ұларлар» КАЖО-ның жетекшісі әдіскер Майгүл Асқарова ауыл тұрғындарына 2000 жылдан бастап «Зерде» бейнемобилі қызметкерлері сазды, танымдық бағдарламаларымен келіп жүргенін, енді биылғы жылдан бастап кітапханашылар қауымы оған қоса ақпараттық қызмет көрсететінін, бұл қазіргі заман талабы екендігін айтып, жаңа істің бастамашыларына сәттілік тіледі.
«Зерде» бейнемобилінің қызметкері Қайролла Маемеров Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының негізгі бағыттары мен тапсырмаларына тоқталып өтсе, аудандық кітапхана кітапханашысы Еркем Смағұлова 2018 жылғы 21 қарашадағы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын слайд-презентация бойынша түсіндіріп берді.
Кітапхана қызметінің бір бағыты – Елбасы саясаты бойынша ақпарат беру. Осыған орай ақпараттық-библиографиялық бөлім қызметкері Ботагөз Рахимова «Кәсіпкерлік туралы білесіз бе?» тақырыбында тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама, оның түрлері, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар, ол туралы мәлімет беретін сайттар туралы толыққанды мәлімет беріп, аудан орталығындағы кәсіпкерлік бөлім, «Атамекен» сервистік қолдау орталығы туралы, олардың мекенжайлары мен байланыс телефондары көрсетілген ақпараттық бюллетендер таратты.
«Зерде» бейнемобилінің қызметкері Саян Мұхаметқали «Жақсының аты өлмейді» тақырыбында Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына орай өткізілген халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық іс-шараларды слайд арқылы таныстырып өтті.
Биылғы «Бір ел –бір кітап» акциясының таңдауына иегер болған ақын Әбділдә Тәжібаевтың өлеңдері мен жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы туралы Жаңақала ауылында Петровка ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Кенже Мукашева, Ақбел ауылында ауыл кітапханашысы Шәрбану Бекболатова арнайы ұйымдастырған кітап көрмелері бойынша шолу жасап өтті. Одан соң Ақбел ауылдық кітапханасының оқырманы Диас Жуанышпеков Ә.Тәжібаевтың «Жігіт қиялынан» атты өлеңін оқып берді.
Осындай тақырыптарды қамтыған ақпарат бөлімінен соң «Зерде» бейнемобилінің өнерпаз ұл-қыздарының Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай дайындалған әдеби-сазды бағдарламасы ұсынылды. Вокалды аспапты ансамбль мүшелері – Жұмағали Елжанов, Алмаз Жанахметов, Қайролла Маемеров, Азамат Амантайұлы, Саян Мұхаметқалидың орындаған әндері көпшілік көңілінен шықты.
Шарадан соң Ақбел ауылының тұрғыны Камелбай Базилов ақ батасын беріп, басталған іске сәттілік тіледі.