«Ашық микрофон»

Кітап оқу – бұл тек бос уақытты қызық өткізу ғана емес. Сонымен бірге тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс. Нақтырақ айтқанда, бұл процесс ойлау қабілетін жетілдіріп, сөздік қорды ұлғайтады және сөйлеу мәдениетін дамытып, ми белсенділігін жақсартады. Сондай-ақ, әрбір адамның бойындағы шығармашылыққа деген сүйіспеншілігін оятуға итермелейді. Осы жолда қызмет ететін кітапханашы мамандардың да мақсаты – жұртшылықтың барлық тобын көбірек кітап оқуға тарту, оқуға деген қызығушылығын арттыру. Соған орай  бүгінгі күні үнемі ізденіп жаңа жұмыс түрлерін енгізе отырып пайдалану аса маңызды.

Сондай жұмыстардың бірі ретінде биылғы Жастар жылына орай кітапханаларды дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жарияланған «Кітап және жастар» фестиваль акциясы аясында 2019 жылдың 11 қыркүйек — 11 қазан аралығында өткізілген «Ашық микрофон» шарасын айтуға болады. Бұл жұмыс түрінің ерекшелігі – аталмыш шараға кез-келген оқырман қатыса алады әрі өзінің сүйікті авторларын таныстыра алады, олардың өлеңдерін немесе шығармаларынан үзінді оқи алады.  Осы шараға дайындық барысында Новоузенка ауылдық кітапханасы «Одноклассники», «В контакте» әлеуметтік желілері мен «WhatsApp» мобилді қосымшасына бейне жолдау жіберу арқылы осы акцияға қатысуға шақыру жұмысын жүргізу арқылы жүзеге асырған.

Аталмыш шараға Ақбел, Ақжар, Баймырза, Белағаш, Ботақара, Гагарин, Доскей, Жаңаталап, Заречный, Көкпекті, Қаражар, Қарақұдық, Қызылжар, Қызылқайың, Мұстафин кенттік көпшілік, Новоузенка, Петровка, Ростовка, Тұзды, Үштөбе, Центральный, аудандық балалар және орталық кітапханасы – барлығы: 21 кітапхана үн қосып, 222 адам, оның ішінде  171 жас қатысып, 35 автордың 66 шығармасы оқылды:

  • Аманжолов Қ «Үстімде сұр шинелім», «Нар тәуекел», «Құз»
  • Ахматова А «21 ночь понедельника», «Муза», «Он уходил»
  • Ахметова Күләш «Сіз осы шынымен де білмейсіз бе?»
  • Әлімбаев Д «Менің сырым»
  • Әуезов М «Қараш-қараш оқиғасы»
  • Бақтыгереева Ақұштап «Анаға хат»
  • Блок А «Ерлік туралы, даңқ туралы»
  • Дәулетханұлы Сұлтан «Ботақара», «Мектеппен қоштасу»
  • Елікбайұлы Бекболат «Ана»
  • Жабаев Ж «Әкеме»
  • Жансүгіров І «Құлагер»
  • Жұмабаев М «Мен жастарға сенемін»
  • Жүнісов С «Жапандағы жалғыз үй»
  • Злотников Р «Атака на будущее»
  • Кочетков А «Баллада о прокуренном вагоне»
  • Қалқаманұлы Б.«Он бір тілек», «Арту, арту бел келсе», «Ай не болар күннен соң»; «Ақтың үйі мешітті»
  • Құдайбердиев Ш
  • Құнанбаев А «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»; «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Өлең –сөздің сарасы», «11 сөз», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Интернатта оқып жүр», «Қыс»
  • Майлин Б «Серттескендер»
  • Мақатаев М «Қара өлең», «Пай, пай өмір», «Шыда, шыда», «Отан туралы»
  • Марцинкевичюс Мариус «Иллюстрации Лины Дудайте»
  • Молдағалиев Ж «Мой Казахстан»
  • Мұқаев І «Балалық шаққа наз»
  • Мырзалиев Қ «Әр күн сайын құлшынып», «Желбірейді далада жақсылықтың тілегі», «Ана тілің арың бұл»
  • Н.Некрасов «Осень»,
  • Омар Құралай «Күз»
  • Оңғарсынова Ф «Туған жер», «Мұқағалиға арнау», «Мен сонда жылап қалғам», «Қыз сыры»
  • Өтемісұлы М «Ереуіл атқа ер салмай», «Хан Жәңгірге айтқаны»
  • Птицами Д «Текст»
  • Пушкин А «Евгений Онегин», «Я памятник…», «Узник», «Я вас любил»
  • Рождественский Р «Человеку надо мало»
  • Сейфуллин С «Ананың хаты», «Аққуға», «Көкшетау»
  • Тәжібаев Ә «Жеңеше»
  • Тютчев Ф «Она сидела на полу»
  • М.Шаханов «Алдынан терезеңнің жүріп өттім», «Ғашықтар ғаламаты»

ОКЖ кітапханаларында осы шаралардың өту барысы туралы  аудандық басылымда Мұстафин кенттік кітапханасынан Г.Сүлейменованың «Кітап мәңгі шамшырағы заманның», Үштөбе ауылдық кітапхана-клубынан А.Айтхожинаның «Свободная поэзия», Көкпекті ауылдық кітапханасынан Г.Рахымқұлованың «Тартымды шара өтті» атты мақалалары жарық көрді.  

Қазір ғаламтор деген алпауыт дүние барлық салаға бойлап еніп, көп нәрсенің алдын орап келеді. Әрине егер жастар ғаламтордан аса пайдалы дүниелерді іздеп, соны тауып сусындап жатса айтар уәжіміз жоқ. Ал кітап оқу — үлкен мәдениеттіліктің белгісі. Қазір кітап оқуды көп адамдар ескіліктің қалдығына балап қалғандай. Қолыңа алып беріліп тұрып оқыған кітап сенің есіңде жақсы сақталады. Ол кітаптағы әрбір қажетті ақпарат, тарихи дерек немесе пәлсапалық тұжырым саған өмірлік азық болатын дүние. Ал нарықтық заманның заңы басқа, талабы бөлек. Бұл уақытта барлығына жанталасып отырғандар ғана жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Сол себепті де олар ғаламтордан тек өзіне қажеттісін алуға тырысады, бірақ осы қажеттілікті қанағаттандырудың артында шалалық қалып бара жатқандай. Қысқа ақпарат ол қысқалыққа әкеледі, кітапты оқу бұл толыққандылыққа себепші. Кітаптан сусындап өскен аға буын өкілін бақыласаңыз барлығына сабырлықпен, түсіністікпен және тереңдікпен кіріседі. Ал жаңа заман жастары алып ұшып тұратындай көрінеді. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен қазірдің өзінде қолына кітап алып білім бұлағын қазып жүргендер баршылық, бірақ олардың саны көп деп айту қиын. Әрине заманның дамып жастардың көштен қалмай заманауи технологияны игергені дұрыс, дегенмен жалқаулықтан арылып бәсекеге қабілетті болуға ұмтылу керек. Осы мақсатта көп ізденіс және көп оқу аса қажет.

Белгілі ақын Аманхан Әлім: «Кітап та адамды тәрбиелейді. Бірақ ол көпжылдық жеміс сияқты. Жемісін бірден бермейді. Алдымен жан-жүрегіңе әсер етіп, сана-сезіміңе ықпал етеді де, бірте-бірте ойыңа да, бойыңа да сіңіп, ақыры уақыт өте жемісін береді. Білімді әрі білікті азамат ретінде эволюциялық жолмен қалыптастырады» дегені барды. Олай болса, осы мақсатта өткізіліп жатқан шараларымыз өз жемісін береді, көпшілікке ой салар деп сенеміз.

Майгүл Асқарова,
Аудандық кітапхана әдіскері