«Ауғанстан жүректегі жара»
Өтер жылдар, айлар тағы алыстап
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың
Ауғандағы азап шеккен арыстар — деп ақын жырлағандай, өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, замандарға жалғаса береді деген сөздермен 2019 жылдың 13 ақпан күні Өнер мектебінің акт залында Жастар орталығы мен Өнер мектебімен бірлесіп, Аудандық орталық модельді кітапхана және Аудандық балалар кітапханасы Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай «Ауғанстан жүректегі жара» атты кездесу кешін өткізді.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Шара жүргізушілері Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Искакова Айгерім Алиханқызы және Аудандық орталық модельді кітапханасы оқу залының аға кітапханашысы Аскарова Индира Шариполлақызы тарих жылнамасындағықаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы туралы толықанды мәлімет беріп, жылдар бойы айтылмай қалған ақиқаттың бетін ашты.
Көпшілік назарына «Ауғанстан жүректегі жара» және «Есімде Ауған соғысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге «Қарағанды облысы Афган 1979-1989 Боздақтары» жады кітабы, «ДАҢҚ 1979-1989» энциклопедиялық анықтамалық, Б.Н.Нарбаевтың «Афганистан и региональная безопасность», А.Жантасовтың «Отряд Кара-майора(мусульманский батальон)», С.М.Акимбековтың «Афганский узел и проблемы безопасности центральной Азии» атты кітаптарымен қатар, 1979-1989 жылдар аралығында Ауған соғысына қатысқан жерлес жауынгерлердің тізімі мен өмірбаяндары жиналған папкалар, кітапхана қызметкерлері басып шығарған жаднамалар, бүктемелер мен әдебиеттерді ұсыну тізімдері қойылған. Аталмыш шарада № 1 қазақ орта тірек мектебінің оқушылары — Тлешова Айзере Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны, қарағым…» атты өлеңін оқыса, Досаева Даяна «Ағажан», Есенгелді Санжар «Жаса, Қазақстан!» атты әндерін орындады. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Зерде» бейнемобилі қызметкерлері Мұхаметқали Саян «Қай Заман?», Елжанов Жұмағали, Майемеров Қайролла, Амантай Азамат, Жанахметов Алмаз «Отқа оралған Ауған» әндерімен жалғастырды.
Кештің құрметті қонақтары — батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз — Үмітбаев Еркін Оразбекұлы, Қыздарбеков Саят Айтпайұлы және Сивчиков Николай Федорович болды.