Айсанов Құбайділдә

Айсанов Құбайділдә (04.01.1913-03.09.2005) — милиция үздігі. Ботақара кентінің тумасы. 8 жасынан жергілікті байлардың малын баққан. Көмір трестінің қосалқы шаруашылығының егістік жерлерін суару үшін Сарытөбеден Петровкаға дейін канал қазып, қамыс шапқан. Одан кейін отбасымен ұжымшарға енді (1934). Ақмола қаласында үш айлық курс бітіріп (1937),сүт, кейіннен қой фермаларының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Белсенділігімен көзге түскен Қ. Айсановты Ворошилов аудандық ішкі істер бөліміне милиционер қызметіне қабылдайды (1939). 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 85-ші атқыштар полкінің сапері болған. Бөлім командирі, взвод командирінің көмекшісі, рота парторгі лауазымдарындағы әскери сапарда Мәскеуден Венаға дейін 1-ші, 2-ші Брянск және 3-ші Украина майдандарына қатысты. Орлов-Курск шайқасынан кейінгі, Одесса, Измаил қалаларындағы объектілерді, Молдавия, Болгария,Венгрия,Румыния мен Австрия аумақтарын минадан тазартты. Әскерден  соң аудандық милиция бөлімінде милиционер болып жұмысын жалғастырды (1946-1976). Қайсарлығы мен өжеттігі үшін сержант Қ. Айсанов ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, І,ІІ,ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызмет үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», медальдарымен, «Үздік сапер-минашы», «Милиция үздігі» белгілерімен марапатталған.