«Өшпес рухты үш тұлға»
2018 жылдың 26-қазанында Новоузенка ауылдық модельді кітапханасы базасында республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында биылғы жылдың таңдауы болған үш автор – Ш.Құдайбердиев, Б.Момышұлы, Н.Келімбетовтың шығармашылығына арналған «Өшпес рухты үш тұлға» атты қорытынды кеші өтті. Клуб ғимаратында өткен шараға орай «Өшпес рухты үш тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, келушілер назарына ұсынылды.
Клуб сахнасында өткен кешті жүргізуші кітапханашылар М.Масалова мен А.Нұрланованың кіріспе сөздерінен кейін аудандық кітапхана қызметкерлері Индира Асқарова, Еркем Смағұлова ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы туралы «Даналардың ізімен» атты тартымды бейнероликті ұсынды. Одан соң «Үш анық» шығармасы бойынша дайындалған «Ұждан, ынсап, мейірім, әділет» атты шағын көрініс арқылы ақынның философиялық трактатындағы ойды жеткізуге тырысты.
Келесі кезек Центральный ауылдық модельді кітапханасына тиіп, кітапханашы Т.Чернышкова дайындаған шара тамашаланды. Жүргізушілер Виталий Жауров пен Гүлжан Сатымбаева қазақтың көрнекті жазушысы, әскери қолбасшы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығын слайд көрсетілімі арқылы жеткізді. Жазушының «Ұшқан ұя» кітабы туралы ақпарат беріліп, осы шығармасы бойынша дайындалған театрландырылған көрініс көрсетілді. Бауыржанның әжесі Қызтумастың рөлін ойнаған кітапхана оқырманы, зейнеткер Светлана Коваленко жылдың атаулары туралы ертегіге еліте біліп, шынайы етіп сомдаса, Бауыржан рөліндегі бала Еркебұлан Құдайберген, апа-сіңлілері рөлін сомдаған Карина Рахимова, Камила Дүйсекеевалар көрермен көңілінен шыға білді. Осыдан кейін Бауыржан атаның қанатты сөздерінен оқырмандар флеш-моб көрсетті.
Шараға нүкте қойған Новоузенка ауылдық модельді кітапханасының бағдарламасы кешті тіптен жандандыра түсті. Бағдарламаны жүргізген кітапханашылар Мария Масалова мен Айдана Нұрланова жазушы, аудармашы, түрколог-ғалым Немат Келімбетовтың өмір жолы мен шығармашылығына деген қызығушылығын тудыртса, кітапхана оқырманы, ауылдағы «Ирина» ЖК-нің басшысы Ирина Досяктың шығармадан оқыған монологы тыңдаушыларын тәнті етті. Осылайша өрбіген бағдарлама «Үміт үзгім келмейді» шығармасы бойынша дайындалған сахналық көрініске ұласты. Ержан рөліндегі оқырман, клуб қызметкері Аңсабек Қасқатаев пен жары Гауһардың рөлін сомдаған оқырман Толғанай Естайдың өнері көрермен көзіне жас алғызса, көріністен соң оқырман Салтанат Нұрланова оқыған М.Мақатаевтың «Шыда, шыда» өлеңі тыңдаушыларға жігер берді.
Кеш бағдарламасынан кейін кітапханаларды дамыту бөлімі жыл басынан ұйымдастырған «Арнаймын саған, туған ел» аудандық патриоттық акциясы, «Жырын тыңда Бұқардың» әлеуметтік желідегі эстафета-байқау, «Бұқар жырау Қалқаманұлы» үздік электрондық тұсаукесер байқауы, әлеуметтік желідегі «Селфи: менің сүйікті кітабым» байқаулары бойынша қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды ақшалай, заттай сыйлықтар мен грамота, дипломдармен марапаттады.
Кітапхана әдіскері Майгүл Асқарова