Жамбыл Омарұлы Артықбаев

        Жамбыл Омарұлы Артықбаев (1959 жылы 20 тамызда Қарағанды облысы, Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) ауданы, Жаңа қала ауылында туған)- қазақ этнология ғылымында шежіретану бағытының негізін салушылардың бірі, тарихшы, жазушы-драматург, педагог. Тарих ғылымдарының докторы (этнография, этнология және антропология саласы -07.00.07), профессор.

       1975 жылы Қарағанды қаласының №2 мектеп-интернатынан орта білім алып шықты.

      1975-1979 жж. Қарағанды политехникалық институтының студенті.

     1979-1984 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыды.

      1984 ж. «К проблеме происхождения казахских жузов» деген тақырыппен дипломдық жұмысын қорғады (жетекшісі т.ғ.к., доцент А. К. Әбілев, (қазір т.ғ.д., профессор А. Күзембайұлы).

      1984-1986 жылдары ҚарМУ-дің Қазақстан тарихы кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарды.

         1986-1989 жылдары ҚҒА Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография (қазір Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты) институтында этнография мамандығы бойынша аспирантурада оқыды. 1989 жылы «Этносоциальная структура казахов Северо-Центрального Казахстана во второй половине XIX века» деген тақырыппен кандидаттық диссертациясын қорғады (ғылыми жетекшісі т.ғ.д., профессор Х. Арғынбаев ).

     1990-1997 жж. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы, археология, этнология және көне дәуір тарихы кафедраларында қызмет атқарды.

     1997 жылы Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жанындағы ғылыми кеңесте «XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы» деген тақырыпта (этнография, этнология және антропология мамандығы бойынша) докторлық диссертация қорғады (ғылыми кеңесшісі т.ғ.д., профессор О. Исмагулов).

     1997 жылдан бастап Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемелекеттік университетінің археология, этнология және Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі. ҚарМУ диссертациялық кеңесінің жетекшісі. ҚРҰҒА тарих және этнология институтының жанындағы диссертациялық кеңесінің мүшесі.

      2000-2001  Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемелекеттік университетінің тарих факультетінің деканы. 2001 жылдың қыркүйек айынан бастап Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемелекеттік университетіндегі «Тарихи этнография» оқу-зерттеу лабораториясының меңгерушісі және этномәдени зерттеулердің басшысы.

      2003 жылдың қыркүйек айынан бастап С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі «Этнология, мәдениеттану және археология» кафедрасының меңгерушісі және Х. Арғынбаев атындағы этноәлеуметтік антропологиясы ғылыми-практикалық орталығының жетекшісі қызметін атқарды. Осы жылдары ғалым 50 томдық «Қазақ этнографиясының кітапханасы» аталытын серияны, 7 томдық Е.Бекмаханов шығармаларын, 4 томдық «Көшпелілер» сериясын, 3 томдық Г.Н.Потанин шығармаларын дайындауға жетекшілік жасады. Ж.О.Артыкбаев редакциясымен 2008 жылы Ш.Құдайбердіұлының «Түркі, қарғыз-қазақ және хандар тарихы» кітабы академиялық негізде, факсимилесімен, комментарилерімен жарияланды. «Заң әдебиеті» баспасымен бірге дайындалған «Жеті жарғы» оқулық құралының электрондық кітабы оқу үдерісіне енгізілді.

       2004-ші жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған. 2005-2008 жылдар арасында ғылым мен техника саласында ерен еңбегі үшін берілетін мемлекеттік стипендияның иегері. 2006 жылдан бастап Қазақстан республикасының «Әлеуметтік ғылымдар академиясының» толық мүшесі.

      2008 жылдың қазан айынан бастап  ҚР Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитеті жанындағы Мемлекет тарихы институтының директорының ғылым жөніндегі орынбасары. Мемлекетті зерттеу тұжырымдамасының және осы тақырыпқа қатысты бірталай ғылыми еңбектердің авторы.

      2009 жылдың қазан айынан қазіргі күнге дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Этнос аралық қарым-қатынастар» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері. Жалпы жарияланған мақалалары мен кітаптарының жалпы саны – 500-ге жуық. Оның ішінде монографиялар саны – 10- нан аса, оқулықтар мен оқу-құралдары – 10- нан аса.

        Ж.О.Артықбаев жоғары оқу орындарына арналған екі оқулықтың («Қазақстан тарихы» (орыс, қаз), «Этнология» (орыс), колледждерге арналған бір оқулықтың («Қазақстан тарихы» (орыс, қаз) С. З. Раздықовпен бірге) және жалпы білім беретін мектепке арналған бір оқулықтың (5 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихынан әңгімелер» Ә. Сабданбекова, Е. Әбілмен бірге) авторы. 2008-2012 жылдары Ж.О.Артықбаев «Ата мұра» баспасымен бірге орта білім жүйесіне арналған, көлемі 500 беттен асатын «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық анықтамалығын екі тілде дайындап шығарды. 2012 жылы орта мектептің 10 сыныбына арналған «Этносаралық қарым-қатынастардың қалыптасу тарихы» пәні байынша оқу бағдарламасын жасады. 2013 жылы «Фолиант» баспасында Ж.О.Артықбаевтың жоғарғы оқу орындарына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы «Жоғарғы мектеп» сериясымен орыс және қазақ тілдерінде басылып шықты.

        Сонымен бірге Ж.О.Артықбаев ғылыми-көпшілік бағытта жазылған «Бұхар жырау: он екі тарих», «Қаз дауысты Қазыбек би», «Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр», «Малайсары тархан», «Аталықтар әулеті», «Кетбұқа: жырау, аталық, қолбасшы» т.б. кітаптардың авторы. Ж.О.Артықбаевтың бірнеше пьесасы («Малайсары тархан», «Бір адамға екі өлім жоқ», «Ақ сұңқар құс туралы аңыз») республика театрларында сахналанды.

        Ж.О.Артықбаев соңғы бірнеше жылда танымал газетер мен журналдарда, интернет сайттарда жүздеген мақалалар жариялады. Мысалы тек қана 2012 жылы «Астана ақшама» газетінде өлкетанудың өзекті мәселелеріне арналған 30 шақты мақаласы жарық көрді. Ж.О.Артықбаев 2013-2014 жылдары тұрақты түрде «Қазақстан», «Білім және мәдениет» арналарынан «Өлкентану» және «Тарих айнасы» хабарларын жүргізді. Сонымен бірге соңғы жылдары жас тыңдарманға отаншылдық тәрбие беруді көздейтін, тарих сүйер қауым үшін аса қажетті танымдық тақырыптар бойынша кешенді бағдарламалар аясында Қазақ радиосының, «Хабар» және «Еуразия» телеканалдарының жүздеген хабарларына қатысты. Ол бірталай танымал журналдардың, соның ішінде «Мәдени мұра», «Дәстүр» журналдарының редколлегия мүшесі.

        Ж.О.Артықбаев Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Археология және этнология мамандығы бойынша оқитын студенттеріне, магистранттар мен докторанттарына арнайы дайындалған «Орталық Азия халықтарының ауызша дәстүрі»; «Устная традиция народов Центральной Азии»; «Ауызша тарих- әдіс және әдәстеме»; «Устная история-метод и методология»; «Әлемдік археология мен этнологияндағы қазіргі заманғы теориялық және әдістемелік бағыттары»; «Современные теоретические и методологические направления в мировой археологии и этнологии» оқу-методикалық кешендерінің авторы. Жоғарғы білім саласындағы ерен еңбегі ескеріліп 2012 жылы «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» атағын алды.

        Ж.О.Артықбаев «Тарих толқынындағы халық» мемлекеттік тапсырмасын жүзеге асыру барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Қазақтар: дәстүр және қазіргі заман (тарихы, дәстүрлі шаруашылығы, материалдық және рухани мәдениеті, қоғамдық-саяси дамуы)» (Астана, 2016.-248 б); «Казахи: традиции и современность (история, традиционное хозяйство, материальная и духовная культура, общественно-политическое развития)» (Астана, 2016. -248 с); «Қазақстан өзбектері: тарихы, шаруашылығы мен мәдениеті, рухани өмірі мен қазіргі жағдайы» (Астана, 2016.-260 б); «Узбеки Казахстана: история, хозяйства и культура, духовная жизнь и современность» (Астана, 2016 .-260 с) ғылыми-зерттеу еңбектерін жазды. Көп жылдар бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапталмалық кеңесіндегі жұмысы және Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынастар және жекелеген этностар туралы зенрттеу еңбетері үшін 2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды.

       2017 жылы «Білім қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі.

         Соңғы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстарға белсене қатысты. Соның ішінде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарын» жүйелеу жұмыстарына сіңірген еңбегін атап айтуға болады. Ж.О.Артықбаев бұл тақырыпты дайындаған кітабтың редколлегия мүшесі және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітабының авторларының бірі (Астана, 2017). Ұзақ жылдар бойы өлетану саласындағы еңбектерінің нәтижесінде Ж.О.Артықбаев 2018 жылы «Үздік өлкетанушы» төсбелгісін иеленді.

      2018 жылы Ж.О.Артыкбаев «Borshi: a great nomad history” тақырыбында ғылыми баяндамамен Испанияда өткен дөңгелек үстелге («Centro de estudios Borjanos” шақыруымен, Арагония, Campo de Borja), Эге университетінде «Kazak halk edebiyatinda oguz tarihi meseleleri» тақырыбында конференция өткізді (Түркия, Измир). 2019 жылы «Общие истоки в истории и культуре казахов и саха” тақырыбында Саха (Якутия) елінде СБ РА Гуманитарлық зерттеулер және Солтүстіктің аз санды халықтарының мәселелері Институтында ғылыми конференцияда баяндама жасады. Осы жылы Улан -Батыр (Монғолия), Сеул (Оңтүстік Корея), Элиста (Калмақ автономиялық республикасы РФ) және т.б. жерлерде ғылыми жиындарға қатысты.

2019 жылы «Бұқар жырау ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.

       Ғалым «Тарих» (07.00.02.) және «Этнография, этнология және антропология» (07.00.07.) мамандықтары бойынша 15 тарих ғылымдарының кандидаттарын дайындады.